Ресейдің үш ірі әуежайында 400-дей рейс ұшпай қалды

6 шілде күні Мәскеу уақытымен 18:00-ге қарай Ресейдің үш ірі әуежайында — Мәскеудегі Шереметьево, Петербургтегі Пулково және Нижний Новгородтағы Чкалов (Стригино) әуежайларында 400-ге жуық рейс тоқтатылды не кешіктірілді. Бұл жөнінде Ресейдің көлік министрлігі хабарлады.

Министрлік мәлімдемесінде бұған себеп — Украинаның дрон шабуылы және қолайсыз ауа райы. Соған байланысты ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шектеу енгізілген.

Шереметьевода 171 рейс белгісіз уақытқа кейінге қалдырылып, 56 рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілді. Пулководан 90 рейс тоқтатылып, 37-сі кешіккен. Нижний Новгородта — 26 рейс тоқтатылып, 13 рейс кешіккен. Көлік министрлігінің айтуынша, ең көп шектеу Чкалов әуежайында енгізілген.

Министрлік жағдай бақылауда екенін, әуекомпаниялардың күрделі жағдайда жұмыс істеуге жеткілікті ресурстары барын мәлімдеді.

Петербург пен Мәскеу арасында жүру үшін адамдар теміржолға жаппай билет сатып ала бастаған. Соның салдарынан билет таусылып, көп жұрт жолдан қалды.

Әлеуметтік желіде адам лық толы әуежай залының видеолары тарап жатыр.

5–6 шілдедегі әуе қатынасындағы коллапс әуекомпанияларға шамамен 20 миллиард рубльге шығын келтіруі мүмкін деп жазады "Коммерсант" сарапшылары.

Ресей қорғаныс министрлігі жексенбі кешінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 48 украин дронын қағып түсіргенін мәлімдеді. Олардың тоғызы Мәскеу маңында, екеуі Ленинград облысы үстінде болған.