АҚШ-тың Техас штатында болған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті, олардың ішінде 28 бала бар. Ондаған адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл жөнінде CNN телеарнасы хабарлады.
Қаза тапқан балалардың кейбірі Гуадалупе өзенінің жағасында орналасқан Camp Mystic атты жазғы христиан лагерінде демалып жатқан. Қазір кемінде 10 қыз бала мен бір мұғалім әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жоғалғандары іздеу, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
4 шілдеге қараған түні толассыз жауған нөсер салдарынан Гуадалупе өзені арнасынан асып кеткен. Су деңгейі небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілгені хабарланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Техасқа федералдық көмек көрсетуді жалғастыратынын, апат аймағына өзі де баруы мүмкін екенін айтты.
Гуадалупе өзенінде мұндай алапат су тасқыны шамамен 100 жылда бір рет болады. Соңғы су тасқыны 1987 жылы тіркелген, бірақ оның ауқымы бұл жолғыдан әлдеқайда кіші болған.